Жаңалықтар

Естен кетпес мереке

  • Лагерь

Балалар жылына орай 18-30 шілде аралығында Әлкей Марғұлан атындағы №71 орта мектепте «Күншуақ» жазғы демалыс лагері жұмыс істеді.

Лагерьде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 оқушы өз уақытын көңілді өткізіп, естен кетпес әсер алды.

Жазғы лагерьге қабылданған балалар жас ерекшеліктеріне қарай «Балдырған», «Айгөлек» топтарына бөлінді. Олар түрлі эстафеталық ойындар ойнап, «Ғажайып алаң», «Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!» тақырыбында пікірсайыс ұйымдастырды. Сондай-ақ балалардың интеллектуалдық қабілетін дамыту мақсатында «Бала тілі — бал» атты мақал мен жұмбақ сайысы өткізіліп, «Ақсүйек» ұлттық ойыны ойнатылды.

Демалушылар «Keruen City» ойын-сауық орталығына, «Yurta park» демалыс саябағына,  «Дельфин» бассейніне және планетарийге экскурсия жасады.

«Лагерь ханзадасы» мен «Лагерь ханшайымы» байқауы ұйымдастырылып, онда кішкентай балапандар өз өнерлерін ортаға салды.

Ал «Қош бол, лагерь!» атты лагерьдің жабылу салтанатында балалар ұстаздарына өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, көңілді әуендер шырқап, би биледі.

Шарада белсенді оқушыларға мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Ғалия Сырашова Алғыс хаттар табыстады.

Біз, ата-аналар қауымы, балаларымыздың жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізуіне қолдау көрсеткен мектеп басшылығына, ұстаздар мен тәрбиешілерге ерекше алғысымызды айтамыз.

Құттыгүл БОҚАНОВА,
ата-ана.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button